Астанада Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен «Жерлерге зерттеп – қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (ЖерЗҚЖЖМИ РМК) ұйымдастыруымен дүниежүзілік топырақ күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. (ЗАГОЛОВОК)
Оған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ғалымдары мен ғылыми ұйымдар, серіктес институттардың мамандары қатысты.
Онда Қазақстандағы топырақтың қазіргі жағдайын, жерді пайдалану саласындағы заманауи сын-қатерлер және табиғи ресурс құнарлығын сақтау мен тиімді пайдалануға бағытталған шешімдер талқыланды.
Комитет төрағасы Мұрат Теміржанов топырақ жағдайын жүйелі бағалаудың және тұрақты жер пайдаланудың инновациялық тәсілдерін енгізудің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Ал «ЖерЗҚЖЖМИ» РМК бас директоры Гүлжахан Бимендина сала мамандарын Топырақ күнімен құттықтап, Қазақстанның жер ресурстарын сақтауға және ұтымды пайдалануға үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді және ЖерЗҚЖЖМИ» РМК жұмысының маңыздылығына тоқталды: «Еліміздің жер қоры 272 млн гектардан асады. Алайда, ең маңыздысы — олардың көлемі ғана емес, сапасы, құнарлығы және климаттық қатерлерге төзімділігі. Түптеп келгенде, азық-түлік қауіпсіздігі, аграрлық сектордың тұрақтылығы, экспорттық әлеует және экожүйелерді сақтау — топырақ жағдайына тікелей байланысты. Біздің институт жерді мониторингтеу мен бағалауда негізгі миссия атқарып келеді. Яғни, кешенді зерттеулер жүргізеді, электрондық карталар жасайды және жерді пайдалану ісіне цифрлық тәсілдерді енгізеді. Біз сондай-ақ, көміртекті егіншілік технологияларын белсенді зерттеп, FAO, халықаралық ұйымдар және ғылыми орталықтармен ынтымақтаса жұмыс жасап келеміз. Мемлекет, ғылым және бизнес күш біріктіргенде ғана — біздің ұлттық капиталымыз саналатын топырақтың құнарлығын сақтап, арттыра аламыз».
Кезекті сөз алған ФАО өкілі Айжан Қарабаева топырақ саулығы – азық-түлік қауіпсіздігінің негізі екенін атап өтті.
Негізгі сессияда қатысушыларға топырақ сапасын бағалау, оларды қорғау бойынша халықаралық жобалардың нәтижелері, заманауи агротехнологиялардың топырақ көрсеткіштеріне әсері, мелиорация мәселелері және қала инфрақұрылымының кеңеюі жағдайында жерді ұтымды пайдалану жөніндегі баяндамалар ұсынылды.
Іс-шара ғалымдар, мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйымдар өкілдерінің тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Шара қорытындысында топырақтану ғылымын дамытуға және Қазақстандағы жерді пайдаланудың тиімділігін арттыруға үлес қосқан үздік қызметкерлерге Жер ресурстарын басқару комитетінің Құрмет грамоталары табысталды.







