Сортаңдар

Сортаңдарға иллювиальды горизонтында сіңірілген натрийдің сондай мөлшері бар топырақтар жатады, ол топырақта бірқатар ерекше қасиеттердің дамуын туғызады: сілтілі реакция, органикалық заттардың жоғары ерігіштігі, топырақтың минералдық ұсақ бөлшектерінің жоғары бытыраңқылығы, ылғалды күйінде жабысқақтығы және ісінуі, ал құрғағанда қатты тығыздалуы және қаттылығы.
Олар дала, құрғақ дала, шөлейт және шөл аймақтарында таралған, көбінесе жер бедерінің ойыстарында қалыптасады. Сортаңдардың морфологиялық профилі келесі белгілермен сипатталады.
Қалыңдығы 2–18 см болатын «А» қарашірік горизонты; аймақтық топырақтарға тән түске ие немесе сәл ашығырақ; дернинасы әлсіз; құрылымы көбінесе қабатты-пластинкалы, сирегірек кесекті-шаңдақ; кейде А1 – гумустық және А2 – осолоделген қосалқы горизонттарға бөлінеді.
Сортаң топырақтарда В₁ және В₂ иллювиальды және иллювиальды-аккумулятивті горизонттары арқылы ерекшеленеді.
В₁ горизонты, әдетте, қою-қоңыр түсті, гумустық ақпалармен, тығыз, жарықшақты, құрылымы бағаналы, призмалы немесе жаңғақты, құрылымдық бөлшектердің қырларында коллоидтық жылтыр анық байқалады.
В₂ горизонты – гумуспен әлсіз қаныққан, аз тығыздалған, кесекті немесе түйіртпекті-кесекті құрылымды; көбінесе осы горизонтта карбонаттардың, кейде тұздардың көзге көрінетін жиналуы байқалады. ВС горизонты, әдетте, қоңыр түсті, құрылымсыз немесе берік емес түйіртпекті құрылымды, жиі тұзданған, тұздардың көзге көрінетін жиналуы бар. В₁ горизонтының тығыздалуы мен өзіне тән құрылымы сортаңдардың сіңіру кешеніндегі сіңірілген натрий мөлшерінің жоғары болуымен түсіндіріледі. Ол негіздердің қосындысынан 40% және одан да көп болуы мүмкін.
Сортаңдардың барлығы дерлік әртүрлі дәрежеде тұзданған әрі тұздану 0–30 см, 30–80 см қабаттарда да, одан да терең қабаттарда да байқалуы мүмкін.
Су режимінің сипатына және онымен байланысты қасиеттер кешеніне қарай сортаңдар үш типке бөлінеді: автоморфты, жартылай гидроморфты және гидроморфты.
Топырақ профилінің құрылысы, қасиеттері мен горизонттардың морфологиялық айқындылығы, биогенді-аккумулятивті процестердің бағыты мен қарқындылығы, топырақтың гумуспен қамтамасыз етілу дәрежесі зоналық-географиялық жағдайларға байланысты, осыған орай сортаңдардың бірнеше подтиптері бөлінеді: қара топырақты, қоңыр, ашық қоңыр және құба.
Сортаңдардың қыртысты, шағын, орташа және терең болып түрлерге бөлінуі қарашірік горизонтының қуатына қарай жүргізіледі. Қыртысты сортаңдарда оның қуаты 5 см-ден аспайды, шағын сортаңдарда – 6-дан 10 см-ге дейін, орташада – 11-ден 18 см-ге дейін және терең сортаңдарда – 18 см-ден жоғары.